«Апатқа әкімдіктің мас қызметкері себепкер болған»: Оралда болған жаппай жол апатының видеосы жарияланды
ЖКО фактісі бойынша іс әлі сотқа жіберілмеген
Оралда болған жаппай жол апатының видеосы жарияланды. Аталмыш жол-көлік оқиғасына себепкер болған көліктің тізгінінде БҚО әкімдігінің қызметкері мас күйінде болған. Жол апатының видеосын «Мой город» порталы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апат сәті түсірілген видеода болған оқиғаның егжей-тегжейлері көрінеді. Сонымен қатар, оқиғаның күні мен уақыты көрсетілген.
Төрт көліктің қатысуымен болған жаппай апат 1 қазанда болды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 44 жастағы Volkswagen Tiguan жүргізушісі бағдаршамда тұрған Mercedes-ке соғылып, соққыдан Ваз және Skoda Rapid-пен соқтығысқан. Volkswagen Tiguan жүргізушісі аймақ әкімі аппаратының қызметкері екен.
БҚО полиция департаменті мәліметінше, медициналық куәландыру нәтижелеріне сәйкес, Volkswagen Tiguan жүргізушісі «орта дәрежелі» мас күйінде болған.
«Мой город» порталы мас күйінде көлік тізгіндеп, бірнеше көлікті соққан ЖКО фактісі бойынша іс әлі сотқа жіберілмегенін жазады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін оқиғаға түсініктеме беруге уәде берді.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы апаттан 18 жастағы қыз мен 37 жастағы ер адам зардап шеккенін хабарлаған.