«9 жылдан кейінгі қауышу»: қазақстандық зейнеткерлер Франциядағы достарына көлікпен барып келді (ВИДЕО)

Аягөз Құрмаш

Олардың достығы Мақатта басталған

«9 жылдан кейінгі қауышу»: қазақстандық зейнеткерлер Франциядағы достарына көлікпен барып келді (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Мақаттық зейнеткерлер Франциядағы достарымен қауышу үшін 7 мың шақырымды көлікпен жүріп өткен. Әлеуметтік желіде олардың оқиғасын сапардан келген соң ұлдары Тұрғыт Дүйісов баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Еуропаға, оның ішінде Францияға келген негізгі себептеріміздің бірі – Нормандия аймағындағы Алансон қаласында тұратын француз достарымызбен кездесу. Осыдан 9 жыл бұрын, 2015 жылдың тамыз айында әкем Мақаттағы орталық аурухананың жанынан өтіп бара жатып еуропалық нөмір тағылған туристік автокөлікті байқап қалады. Сол уақытта ағам екеуміз шаң-тозаңның арасында құрылыс жұмыстарымен айналысып жүр едік. Әкем менің қасыма келіп, сол шетелдіктермен сөйлесіп көр, мүмкін болса, үйге шақыр деген еді», - деп еске алды ол.

Тұрғыт Дүйісов атағандай, көлікте зейнет жасына жеткен француз ерлі-зайыпты болған.

«Күйеуі ағылшынша еркін сөйлей алса, әйелі тек француз тілінде ғана түсінеді екен. Екеуі Моңғолияны аралап, кейін елдеріне Қазақстан арқылы қайтып келе жатқан кездері болған. Мен оларды атамның үйіне жүруді ұсындым. Олар да көп ойланбай, келісті. Әкемнің қарындасы тез арада дастархан жаюға кірісті. Бір үстелде 4 тілде әңгіме өрбіді. Патрик мырза жұбайы Мариге біздің айтқанымызды француз тіліне аударды. Мен әкемнің қазақшасын Патрикке ағылшынша түсіндірдім. Біраз қызықты тақырып айтылды. Қысқасы, француздар бізге риза болып кетті», - дейді ол.

Осылайша, қазақтар мен француздар арасында игі достық басталып, өз елдеріндегі мекенжайын, байланысы мен поштасын қалдырып, қонаққа шақырып кетеді.

«2020 жылы Қазақстанда коронавирус өршіп тұрған кезде Патрик пен Мари әлеуметік желі арқылы жазып, Мақаттағы науқастарға көмек ретінде 75 мың теңге аударған еді. Науқастарға дәрі-дәрмек алып беріңдер деп бізге аманат етті. Міне, араға 9 жыл салып Мақаттан Францияға көлікпен барып келдік», - дейді ол.

Осылайша, 9 жылдан кейін қазақстандық және франциялық зейнеткер достар кездескен. Кездесу сәтінде олар сағыныштарын басып, мақаттықтар Патрик пен Мариге қазақтың ұлттық шапаны мен камзолын кигізеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.