Бұған дейін Төлеби ауданының ауылдарын су басып жатқанын хабарлаған едік
Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елдімекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға орнына аудан әкімі Е.Шәріпбеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері барып, ауылға кірген суды өзен арнасына бұрды. Тұрғындардың дені Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды. Соңғы мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда. Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда», - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 48 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 23 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері, 10 техника және 8 мотопомпа жұмылдырылған.
Келтірілген шығын есептеліп жатыр. Сонымен қатар Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауыл округтері тұрғындарынан үй аулаларына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері шығып, Алтынтөбе ауыл округі, Қаржан елдімекенінде (2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың аулаларына су кіргені), Жігерген ауыл округі бойынша (30 үй, 4 қора), С.Рақымов ауыл округі Қызылата елдімекенінде (4 үй, 1 мешіт) аулаларына су кіргені анықталды. С.Рақымов ауыл округіндегі Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасы Көкібел мектебіне эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді», - деп жазылған хабарламада.