Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, 4 көпірді су шайып кетті
Осы жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінде штаб құрылды
Түркістан облысы Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, ауыл арасындағы көпірлерді су шайып кетті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округы, Жоғарғы Қасқасу ауылында қатты жауынның салдарынан Қасқасу өзені тасып, Жоғарғы Қасқасу ауылы ішіндегі төрт көпірді су шайған. Сонымен қатар Екпінді ауылының 4 жеке тұрғын үйіне және 15 үйдің ауласына су кірген. Осы жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінде штаб құрылды. Қазіргі таңда бұл ауылдарда су тасу қауіпі жоқ. Оқиға орнына ТЖД (82 қызметкері, 8 дана техника, 11 мотапомпа), ЖАО (25 қызметкер, 4 дана техника) күштері жұмылдырылды», - деп жазды ол.