Өскеменде мас күйде көлік тізгіндеген әйел ұсталды
Ол бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты
Өскемен қаласының көшелерін патрульдеу кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 36 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны тізгіндеген шетелдік көлікті тоқтатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жүргізушіні тексеру барысында полицейлер одан алкогольдің өткір иісі шығып тұрғанын байқаған.
Тәртіп сақшылары әйелді медициналық тексеруге жіберіп, нәтижесінде оның орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
«Құжаттарын тексеру барысында әйелдің 2021 жылы Ақтөбе қаласының әкімшілік сотының қаулысымен 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.