СҚО-да көктайғақ салдарынан жеңіл көлік жол жиегіне шығып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шеккендер жоқ

Фото: СҚО ПД

Алғашқы жауған қар СҚО жүргізушілері үшін алаңдаушылық туғызды. «Астана — Петропавл» тас жолының 415 шақырымында, Аққайың ауданы Рублевка ауылының маңында Hyundai Sonata жүргізушісі көктайғақта автокөлігін басқара алмай, жол жиегіне шығып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Абырой болғанда, жүргізуші де, оның жұбайы да зардап шеккен жоқ. Ер адам 102 арнасына жүгінді. Шақыруға учаскелік полиция инспекторы келіп, ол жақын маңдағы шаруа қожалықтан тракторды сұрап, автокөлікті жолға шығаруға көмектесті.

Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған автокөлік жүргізушісіне СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Валихан Оразалин мен оның орынбасары Рүстем Испердинов көмек көрсетті.

«Осындай оқиға Подгорное ауылының маңында, жолдың 941 шақырымында орын алды, ППБ қызметкерлері бұл жерде де көмек көрсетті. Жүргізушілерден Солтүстік Қазақстанның күрделі ауа райы жағдайларында сақ болуды сұраймыз. Қазіргі уақытта Петропавл маңында және Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл аудандары мен Мағжан Жұмабаев ауданының аумағында жауын-шашын байқалады, кей жерлерде көктайғақ пайда болуы ықтимал», — дейді полиция майоры Оразалин.

Полиция қызметкерлері мүмкіндігінше ауа райының қолайсыздығында жазғы доңғалақтармен жүруден бас тартуға, жолдарда сақ болуға, жылдамдықты төмендетуге және көліктер арасындағы қашықтықты арттыруға кеңес береді.