Бір ғана осы казиноға 4 мыңнан астам адам бәс тіккені анықталды
Қазақстанның бірнеше облысына таралған заңсыз онлайн ойын бизнесінің иесі Солтүстік Қазақстан облысында қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторинг агенттігі жазғандай, құмар ойын «Club GG» қосымшасының терісін жамылған болып шықты.
«Бәс тігу ставкасы 100 мың теңгеге дейін баратын «Club GG» деген покер 40-тан астам ойын үстелін қамтыған. Бәс тіккісі келгендерге 20 оператор қызмет көрсеткен және телеграм-арнасы болған. Ставка да, ставканың ұтысы да адамның шотына аударылған. Осы ойынды ұйымдастырып бергендер айналымдағы ақшаның 10% алып отырған. Жыл басынан бері бұл заңсыз покердің табысы 55 млн теңгеден асқан», - деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Дереккөзге сүйенсек, осы онлайн казиноға 4 мыңнан астам адам бәс тіккен.
«Ұсталғандардың Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы үйлерінен, көліктерінен, кеңселерінен ондаған ноутбук пен компьютер, ұялы телефон, ақша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылған», - деп хабарлады ҚМА.