Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов Халықтық штаб өкілдерімен кездесті
Екі тарап АЭС мәселесін талқылаған
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Сидней Олимпиадасының чемпионы, халықаралық спорт шебері Ермахан Ыбырайымовпен кездесті. Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы мен атом электр станция құрылысына қатысты мәселе жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy халықтық штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Олимпиада чемпионы елдің болашағы мен келешек ұрпаққа қатысты маңызды мәселелерге әрдайым көңіл бөліп, пікір танытанынын айтқан. Ол энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақты даму Қазақстанның стратегиялық мақсаты екенін атап өткен.
«Мен атомшы да, сарапшы да емеспін. Бірақ, әлемде атом энергетикасы тұрақты энергия көзіне айналған. Әр саладағы жетістік, соның ішінде, спорттағы жеңістер де елдің тұрақты дамуына тікелей байланысты», – деді Ермахан Ибраимов.
Спорт шебері өз сөзінде алдағы 6 қазанда өтетін референдумның тарихи маңызына тоқталды. Кездесу барысында Халықтық штаб өкілдері АЭС жобасының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қосатын үлесі мен оның экологиялық тұрғыдан таза әрі сенімді энергия көзі екенін атап өтті. Сөз соңында, Халықтық штаб өкілдері барлық азаматтарды референдумға қатысып, ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды.