«Жалған крипто-әмиян»: алаяқ Алматы тұрғынын 67 млн теңгеге алдаған
Алаяқ әзірге тек 19,5 млн теңгені қайтарды
Алаяқтық жолмен криптовалютаны иеленген Алматы қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бостандық ауданының аумағында тараптар арасында криптовалютаны алып сату бойынша мәміле жасалған. Белгісіз «X» азамат жәбірленушіні алдап, крипто-әмиянының жалған шотын хабарлаған.
«Ол жәбірленушінің 67 млн тенге көлемінде ақша қаражатын иеленді. Мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескере отырып, сот сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушіге 19,5 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы азаматтарды электронды ақша аударымы кезінде қырағы болуға шақырады.