Чехияның танымал спортшысы селфи жасаймын деп көз жұмды

Молдатай Сымбат

Натали Стичова 23 жаста болған

Чехияның танымал спортшысы селфи жасаймын деп көз жұмды
Фото: The Sun/ Instagram.com/sokolpribram

Чех гимнасты Натали Стичова Германиядағы Тегельберг тауынан құлап қайтыс болды. Ол селфи жасағысы келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

15 тамызда Натали 3 досымен бірге Германиядағы Тегельберг тауына көтерілген.

The Sun хабарлауынша, қыз әйгілі Бавариялық Нойшванштайн сарайының фонында суретке түспекші болған, бірақ төмен қарай құлап кеткен. Ол көптеген жарақаттармен ауруханаға түсті.

21 тамызда Наталидің отбасы мидың зақымдануына байланысты оны тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінен ажыратты. Спортшы айналысқан «Сокол Прибрам» спорттық гимнастика клубының ресми парақшасы Наталидің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, пост жариялады.

«Біздің тамаша досымыз, гимнаст және жаттықтырушы Натали Стичова қайғылы оқиғадан кейін бізді біржола тастап кеткенін қайғырып хабарлаймыз. Ол 21 тамызда таңғы 5:30-да көз жұмды. Натали мәңгі есте қалады», - деп жазды клуб.

Айта кетерлігі, Натали суретке түскісі келген Германиядағы Нойшванштайн сарайы Уолт Диснейді «Ұйқыдағы аруды» түсіруге шабыттандырған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.