«Елікті атып, ағашқа іліп қойған»: СҚО-да заңсыз аң аулаған браконьер ұсталды
Ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
СҚО-да полицейлер қылмыс орнында браконьерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне орманда оқ атулар туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспекторлар Гаврино ауылының маңындағы орман алқабынан иесіз қалған, нөмірлері жоқ Урал мотоциклін тапты. Браконьер бөлшектеп үлгермей, өлген елікті ағашқа іліп қойған.
Мотоциклдің жүк салғышында 12 калибрлі 10 патрон болған. Қаскүнемнің өзі қызметтік автокөлікті көріп қашып кеткен.
«Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 40 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Күдіктіден тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды» – деді полиция бөлімі бастығының м.а. Жанат Рахметов.
Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулаудың 6 фактісі тіркелді.