ДСМ оқушыларға жаппай «чип салу» туралы ақпаратты жоққа шығарды
Ведомство өкілі жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті
Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы ата-аналар оқушылар мен студенттерді қашықтан бақылау үшін жаппай «чип салып» жатқаны туралы видео тарады. Видеода чипті терінің астына сұйық күйде енгізіп, ол спутниктен бақыланатыны туралы айтылады. Тіпті, осы мақсатта 3 млрд доллар көлемінде грант бөлінеді делінген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДЗСҰО инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева ақпаратты жоққа шығарды.
«Қазір әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде халықты, оның ішінде оқушыларды жаппай вакцинациядан өткізіп, чиптеп жатқаны туралы фото, аудиолар тарауда. Ресми түрде бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін. Азаматтарды әлеуметтік желілерде тараған жалған мәліметке сенбей, сенімді ақпарат көзіне жүгінуге шақырамын», - деді Н. Әзімбаева.
Ол жалған ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан