$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.05.2020, 01:08
Оқиғалар

Қарағандыда 300 тонна құс етін тиеген көліктер қаңтарылып тұр

Жүк тұрақтандыру қорына тапсырылуы тиіс

Қарағандыда 300 тонна құс етін тиеген көліктер қаңтарылып тұр

Қарағандыдағы тұрақтандыру қоры қоймасының алдында 300 тоннаға жуық құс етін тиеген көліктер қаңтарылып тұр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

 Себебі, қоймадағылардың әр өңірден келген тауарды қабылдауға қауқары жетпей жатыр. Ал алыстан ат арылтып келген жүргізушілер қойма алдында бір аптадан бері күнелтуге мәжбүр. Әр жүк көлігінде кемі 20 тоннадан астам құс еті тиелген. Олар тоңазытқыштарда бұзылып кетпес үшін -18 градустан аспауы тиіс. Ал ол үшін көліктің қозғалтқышы жұмыс істеп тұруы шарт. Ал қаз-қатар тізілген көліктің алды мұнда өткен сәрсенбіден бері оталып тұр. Үкімет қаулысымен қоймалардағы азық-түлікті арттыру шешімі бойынша, бұл жерге жүк көліктері өткен айдан бастап ағыла бастаған.

«Жүкті түсіруге кіре алмай тұрмыз. Кезек қозғалмайды. Таңертең бір көлік кірген, түс болды, міне, әлі жоқ. Енді түскі асқа кетеді де, кешке дейін екінші көлік кіреді. Мынау не масқара, не мазақ?! Алматы, Шымкент жақтан келдік. Ішіп-жейтін азығымыз таусылып, далада жатырмыз», - көлік жүргізушісі Сергей Морозов.

Тұрақтандыру қоры өткен бейсенбі күні 1 мамырдағы демалысқа шығып кеткен. Үш күн ішінде қойма алдына тағы 20 шақты жүк көлігі жиылған. Жүргізушілердің айтуынша, жүк үшін қабылдаушылар басын ауыртпайды. Өйткені қоймаға кіргенше жауапкершілік – жеткізушіде.  

«Резерв» мемлекеттік кәсіпорнындағылар тауарды жібергендердің құжаттарында «кемшін тұстар көп» дейді. Құстың сойылған уақыты мен жарамдылық мерзімінде қиыспайтын тұстары барын айтады.

«Бізде жүк көтеретін жалғыз лифт бар. Сондықтан жұмыскерлер санын көбейтсек те, сол қарқыннан аса алмаймыз. Бірден үш көлік кіргізсек, оны сұрыптап тексергеннен кейін, бәрібір сол лифтке қараймыз. Мұндай ірі көлемде жүк алғаш келіп отыр. Сондықтан кешігу бар»,- дейді «Резерв» РМК қызметкері Азамат Рақышев.

 

Серіктес жаңалықтары