Алматыда КВИ-ден жазылған 210 адамның 23-і медицина қызметкерлері
Мегаполисте 12,5 мың адам медициналық бақылауда
Алматы қаласында қауіпті індет жұқтырғандардың саны 1356 адамға жектен. Стационарларда 1135 пациент емделіп жатыр. Бір науқастың халі мүшкіл болса, 34 адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Тағы 289 науқастың жағдайы орташа ауыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.
«Алматыда қауіпті инфекциядан көз жұмғандар 0,6%-ды құрайды. Ауруханаға жатқызылғандардың арасында ауыр халдегі науқастар саны соңғы уақытта көбейген жоқ. Алматыда коронавирустан 210 адам сауығып, емдеуден шығарылды. Олардың ішінде 23 медицина қызметкері бар», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Президент тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, жұқпалы стационарлар саны 9-ға жеткен. Ол жерлерде 1940 адамды қабылдауға арналған төсек-орын дайын тұр. Ал провизорлық емдеуге жатқызу үшін 909 төсек-орынға арналған 12 стационар, карантиндік емдеуге жатқызу үшін 1392 орынды қамтитын тағы 9 стационар дайындалған.
«Алматыда 12 665 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде 312-і провизорлық стационарда, 345-і карантиндік госпитальдарда, 2008-і үй карантинінде. Мегаполисте коронавирусты дер кезінде анықтау нәтижесінде науқастардың 77%-ының жағдайы қанағаттанарлық күйде, ауруы жеңіл, симптомсыз өтуде», - деді басқарма басшысы.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы