Жеңіс Қасымбек өрттен қыз баланы құтқарған тұрғынға 2 млн теңге берді (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Алтынбек Алтаев 12 тамыз күні балконнан секіріп кіріп, баланы құтқарып қалған

Фото: Jenis Qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 12 тамыз күні өртеніп жатқан үйдің балконынан кіріп, қыз баланы құтқарып қалған Алтынбек Алтаевты және оның ұлын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы елорда әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Суреттен көріп отырғанымыздай, Жеңіс Қасымбек Алтаевқа 2 млн теңгенің сертификатын табыстаған.

«Алтынбек Алтаевпен және оның ұлымен кездестім. Ер адам тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатында болған өрттен қыз баланы құтқарып қалды. Алтынбектің айтуынша, қызыл жалынға оранған пәтерді көргеннен кейін балконнан өртеніп жатқан терезеге еш ойланбастан секіріп кірген. Оның осындай жауапты сәтте үрейге бой алдырмай, қауіпке бел буғаны таң қалдырады әрі бұл әрекеті құрметке лайық», - деп жазған Жеңіс Қасымбек.

Алтынбек Алтаевтың өзі болса оқиғаны бастан-аяқ баяндап берген. Оның айтуынша, өрт 12 тамыз күні таңғы сағат 09:00 шамасында болған. Айқай-шуды естіген Алтаев жан-жағына қарап, өртті байқаған. Құтқарушылар есікті енді бұзғалы жатқанын көрген ол ашық тұрған балконнан секіріп кіріп, пәтердегі тоқтарды ажыратқан.

«Қарасам, өрт шәйнектен шығыпты. Бүкіл тоқтарды ажыратып, пәтердің ішінде жылап жатқан қызды іздедім. Тауып алған соң, қорқықпа деп, оны алып шықтым. Бұл менің ғана емес, өрт сөндірушілер мен тұрғындардың ерлігі», - дейді ол.