«Аутизмі бар»: Ақмола облысында жоғалған 11 жастағы бала аман-есен табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Баланың екінші топтағы мүгедектігі бар

Фото: Ақмола облысы ПД

14 тамызда Целиноград ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғынның 2013 жылы туған кәмелетке толмаған ұлы күндізгі сағат 15:00 шамасында үйдің ауласынан шығып, жоғалып кеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Әйел қазіргі уақытта алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын, себебі жұбайы 9 жыл бұрын қайтыс болғанын айтты.

Көп балалы ананың сөзінше, жоғалған бала 2 топтағы мүгедек, аутизммен ауырады және осыдан бұрын үйден кетіп қалу жағдайлары болған. Сәтсіз іздеуден кейін баланың анасы полициядан көмек сұрады.

Ақпаратты алғаннан кейін полиция бөлімінің қызметкерлері еріктілер қосылған іздестіру іс-шараларын дереу ұйымдастырды.

«Полицейлер іс-қимыл жоспарын құрып, учаскелік инспекторлар, қылмыстық және ювеналды полиция қызметкерлері қатысқан іздеу жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары тұрғын үйлердің аулаларын, саябақтарды, жағалау аймақтарын, вокзалдарды, қараусыз қалған үйлерді, ағаш алқаптарын, шұңқырлар мен құдықтарды тексерді. Целиноград ауданының полиция бөлімі мен Астана қаласының ПД қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында баланың орналасқан жері сол күні кешке белгі болды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бала анасына тапсырылды», - делінген хабарламада.