Төтенше жағдай кезінде саяжайда демалыс ұйымдастырғандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардан есірткі заттары табылған

Қызылордалық полицейлер саяжай алқаптарында рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1–3 мамыр аралығында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері қала маңындағы саяжай учаскелеріне («Ягодка», «Пищевик», «Сабалақ», «Эдельвейс», «ПМК-29», «ПМК-66», «Прудхоз», «Талсуат») рейдтік тексерулер жүргізді. Аталған іс-шараға 76 қызметкер және 12 автопатруль жұмылдырылды.

«Рейд барысында карантин режиміне қарамастан, «ПМК-29» саяжайында жалға берілетін орындарда демалыс ұйымдастырған бір тұрғынға қатысты хаттама толтырылып, оның қасындағы сегіз адаммен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.​Шара барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдау) бір тұрғынға  қатысты әкімшілік хаттама рәсімделіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) екі  дерек  тіркелді», - делінген хабарламада.