Астананың қақ ортасындағы үйді жаңбырдың суы басып қалды (ВИДЕО)
Тұрғын үйде лифті де жоқ екені анықталып отыр
Астананың Қабанбай батыр даңғылында орналасқан Family Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары күні кеше елордада жауған нөсерден кейін үйлерін су басқанын айтып, редакцияға хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары қабаттағы құбырдың біразы істен шығып, одан аққан су астындағы пәтерлерге сорғалаған.
Тұрғын үйден пәтер алғандар мердігер мен әкімдіктің жұмысына сын айтып отыр.
«Бұл тұрғын үйде лифті де жоқ. Кешегі жаңбырдан 7 қабаттағы көршілеріміздің үйіне су ақты. Ал әкімдік болса екі жыл бұрын бірінші мердігердің барлық міндетін орындайтын жаңа инвестор тағайындаған болатын. Алайда ол 2 жыл бойы үйдің шатырын жөндеп бермеген. Аула да абаттандырылмаған. Көлік тұрағын да толық су басып қалды. Халық ашынды. Бүгін, ертең деп күтіп жүргенімізге көп болды. Ал бұл баспананы адамдар бар жиған-тергенін жинап, алған», - дейді тұрғындар.
Family Park ТК Астана қаласының Есіл ауданында Қабанбай батыр даңғылында орналасқан. Тұрғын үй кешені 2020 жылы пайдалануға берілген. Мердігер компания - «Өркен 777».