Лай аралас топырақ екі үйдің ауласын басып қалған
Талғар ауданының Бесағаш ауылында жар опырылып, жер үйлердің ауласын басып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Тұрғындар мұндай жағдай осымен төртінші рет қайталанып тұрғанын айтады. Қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз деген бесағаштықтардың сөзінше, жергілікті билік төрт жыл бұрын басталған мәселені шешуге асығар емес.
«Бұл оқиға осыдан төрт жыл бұрын басталған. Таудан бұлақ сияқты су шығып жатыр. Оның себебін білмей отырмыз. Бізге дейін таудың жоғары жағында отырған тұрғындардың кәріз суы ағып тұрған екен. Алайда, жардың асына да үй салған халық оны бітеп тастаған еді. Соның суы ма, әлде табиғи су ма, ол жағын анықтау керек. Әкімдік еш шара қолданып жатқан жоқ. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Осы жолы батпақтың көп бөлігі көршімнің ауласына құлапты», - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Гүлнұр Оразымбетова.
Бурабай көшесінің тұрғындары алғаш рет 450 текше метр топырақ көшкіні жүргенін айтады. Мұндай қауіп бірнеше рет қайталанған. Таудың қия бетін тегістеген жердің иесі бұл өңірді 2006 жылдан бастап бөліп сата бастаған. Ал тауға үй салудың қауіпті екені біле тұра аудандық әкімдік жерді жекеменшікке беріп, бөліп сатуға рұқсат құжатын жасап берген.
«Бурабай қалашығындағы қауіпті аймақты нығайту бойынша жоба әзірленген. Жоба құны 42 млн теңге. Қазіргі таңда ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы айдың соңында өтіп бітуі керек. Одан кейін қаражат бөлінуіне байланысты құрылыс монтаждық жұмыстар жасалады. Барлық жұмыстың құны 315 млн теңге деп жобаланып отыр. Оның ішіне нығайту жұмыстары, жауын суын тарту үшін науалар, арықтар салу жұмыстары кіреді», - деді Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.
Талғар аудандық әкімдігінің ақпаратынша, тау бөктеріндегі Бурабай қалашығында 120 үй бар. Ал жардың екі жағын жағалай барлығы 24 үй орналасқан. 7 жылдан бері осында тұратын Гүлнұр Оразымбетова қымбатқа алған жерін тастап кете алмай, не су шыққан жерге үлкен үй сала алмай отырғанын айтады.
«Әкімдік мәселені шешу үшін мемлекеттен қомақты қаржы талап етуде. Үнемі осылай айтылады. Бірақ мәселе шешімін таппайды. Су тек біздің тұсымыздан ғана шығып ағып жатыр. Судың қайдан шығып жатқанын анықтамай мәселе бәрібір шешілмейді. Бөлінетін ақшасы тағы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе болды», - деді бесағаштық тұрғын.
Ал жер үйлерге жете тоқтаған батпақ аралас сары топырақ әлі тазаланбаған. Әкімдік бұл жолы опырылған топырақ аса көп болмағандықтан, тұрғындар өздері тазалап алсын деп отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы