Олар шылым шегетін және тамақ ішетін ортақ орындардың ашылуын талап еткен
Теңіз кен орнында жұмыс істеп жатқан мұнайшылар стационардағы карантиндік шараларды әлсіретуді талап етті, деп хабарлады Атырау облыстық аймақтық коммуникациялар қызметі.
Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша құрылған шұғыл штабтың мәліметінше, «COC Realty» компаниясының жүзге жуық жұмысшысы 2 мамыр күні бас көтеріп, басшылықтан карантин талаптарына жеңілдіктер енгізуді талап кеткен.
«Компания қызметкерлерінің бірінен коронавирус анықталғаннан кейін жұмысшылардың барлығы карантиндік стационар режиміне көшкен. Бас көтерген жұмысшылар темекі шегетін және тамақтанатын ортақ орынның болуын талап еткен. Алайда, бұл карантин талаптарына қарсы болғандықтан, олардың талабы орындалмады», - делінген аталған хабарламада.
Карантин режимін жұмсартудан басталған даудың соңы жалақыны көтеру мәселесіне ұласқан. Өйткені, карантинге байланысты жұмысшылардың көбі екінші вахтаға қалып қойғандарын айтып отыр.
«3 мамырда жұмысшылармен әкімдік өкілдері және басшылық кездесіп, жалақы мәселесін толық шешіп берді», - делінген Штабтың хабарламасында.
Айта кетейік, Атырау облысында коронавирус жұқтырған 175 адамның 111-і осы Теңіз кен орнында жұмыс істейді. Аурудың жаппай тарауына байланысты кешеннен 13 мыңнан астам адам өзге өңірлерге шығарылды.