Мақтааралда 3601 гектар егістік алқабы су астында қалды – әкімдік

Автор: Azattyq Rýhy

Су тасқынынан келген шығын көлемі 404 млн теңгеге жуықтайды 

 

 

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына байланысты ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды Отырар телеарнасы .

Басқарма орынбасарының айтуынша, қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, бүлінгені анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптардың көбі бүлінген. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталып отыр.

«Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», — дейді Тұрғанбек Оспанов.

Оқи отырыңыз: Мақтааралда тасқын судан 620 үй бүлінген – әкімдік

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кеткен мал саны әзірге белгісіз. Оны анықтауға тасқын судың әлі де болса тоқтамай тұрғаны бөгет болып тұр.