Пышақ шабуылынан қаза тапқан қыздар 6-9 жас аралығында болған
Би үйірмесіне қатысатын 3 кішкентай қыздың өлімі Ұлыбританияны дүр сілкіндірді. Наразы топ босқындардың елге келуіне тыйым салуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазуынша, 7 жастағы Элси Дот С., 9 жастағы Элис Д. және 6 жастағы Биби К. есімді қыздарды пышақтап өлтірген 17 жастағы жасөспірім – Руандадан келген иммигранттардың ұлы. Алайда, полиция кісі өлтіруші туралы бұдан басқа ақпаратты жасырын ұстап отыр. Себебін «қатыгез әрекетімен танымал болуына жол бермеу керек» деп түсіндірді.
Ашуға булыққан жергілікті тұрғындар қайғылы оқиға болған Саутпорт қаласында «қайықтарды тоқтат» деген жазу жазылған плакаттар ұстап, шеруге шықты. Олар полиция көлігін өртеп жіберді. Босқындар мінген қайықтардың келуіне тыйым салуды талап етті.
Еске салайық, 29 шілдеде 17 жастағы жасөспірім іс-шарада билеп жатқан балаларға шабуыл жасады. 3 қыз қаза тапты, тағы 10 адам жарақат алып, ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің кейбірі ауыр жағдайда, деп хабарлады дәрігерлер.