Компания тұрғын үй жағдайын жақсартуға да көмектеседі
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында апат болып, 8 адамды қатты күйік шалған еді. Жұмысшылардың біреуі күні кеше қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
YDD Corporation компаниясы қаза тапқан қызметкердің алдындағы міндеттемелерін жариялады
«Өкінішке қарай, жергілікті және шетелдік мамандардың кәсібилігіне қарамастан, біздің әріптесіміз, өз ісінің шебері, пеш бастығы Исмайлов Музафар Имантайұлы өмірден өтті. YDD Corporation Музафар Имантайұлының қазасына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтады», - деп жазды компанияның баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетпек.
Атап айтқанда, компания келесі міндеттемелерді атқарады:
• Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.
• Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.
• Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиелерін толық өтейді.
Айта кетейік, пеш бастығы Музафар Исмайылов 30 жаста болған. Оның денесінің 85 пайызын күйік шалып, ауруханада 22 шілдеде көз жұмды.