Таразда қорқор шеккендер жазаланды (ВИДЕО)
Кальян шеккендерге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған
Таразда кальян шеккендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексерілген ойын-сауық мекемелерінде, қоғамдық орындарда қорқор (кальян) тұтынуға тыйым салудың 18 бұзушылық дерегі анықталды.
«Рейд жүргізілген барлық ойын-сауық мекемесінде кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісіне қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, түпкілікті процесуалдық шешім қабылданады», - деді Тараз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Нұржан Керебаев.
Аталған бағыттағы рейдтік жұмыстар полиция қызметкерлерімен қала аумағында күнделікті өткізеді.
Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтарға мейрамханаларда, кафелерде, барларда және басқа да қоғамдық мекемелерде қорқор шегуге тыйым салынғанын, тұтынғаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын ескертеді.