Жиіркенішті! - Алматыда гүл дүкені жас қызды сексуалды нысанға айналдырған (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Гүл сататын дүкендер әдепсіз жарнама түсіруді әдетке айналдырды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматыдағы гүл сататын дүкен әйел денесін сексуалды нысанға айналдырып,  жарнама жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Instagram әлеуметтік желісінде 19 мыңға жуық оқырманы бар үлкен аудиторияны қамтып отырған гүл дүкенінің бірі Қазақстанның заңын аяққа таптады. Олар әйел адамды сексуалды нысанға айналдырып, оның қадір-қасиетін, ар-намысын қорлайтын жарнама түсірген. Осылайша қоғамда онсыз да ушығып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын одан әрі өршітуге үлес қосқан.  

Дүкен әлеуметтік желідегі оқырмандарының қарсы пікіріне қарамастан, екі күн бойы естірге құлақ, көруге көз ұялатын роликті алып тастаған жоқ, онысы үшін кешірім де сұраған жоқ.

«Бұларда реакция жоқ, есесіне ақшалары көп-ау, ақшалай жазасын төлесін онда, ең болмаса бюджетке бір пайдасы тиер», «Мына гүл дүкенін мына видеосы үшін сотқа және отқа», «Адам болмайсыңдар», «Жиіркенішті. Құрметті тұтынушылар мына цветочный магазиннен гүл алмайық! Мынандай заттарды ұялмай нормально деп реклама түсірген сауатсыз маркетинг жасайтындар гүл алып саудасын жасау дұрыс емес», «Қазақстанда маркетинг нөл...» деген пікірлер жазып жатыр.

Редакция осы гүл сататын дүкенге хабарласып, комментарий алуға тырысты. Алайда, әзірге ол тараптан жауап жоқ. 

Еске салайық, бейәдеп жарнама үшін Әкімшілік кодестің 455-бабында айыппұл қарастырылған: шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 170 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне -500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұған дейін, сексистік жарнама түсірген Ақтаудағы гүл дүкені халықтан кешірім сұрап, дағдарыс орталығына 300 мың теңге қаражат аударған болатын.