Жауғашты түрмесінде зорланған әйелге қатысты іс қайта жанданды
Нарғыз Амраеваның ісі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр

Адвокат Айман Омарова 2023 жылдың көктемінде басталған Нарғыз Амраеваның ісіне қатысты тың мәлімет айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айман Омарова сотталушы Нарғыз Амраеваның оқиғасы қалай басталғанын еске алды. Оның айтуынша, Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы уақытша қамау изоляторындағы Нарғыз Амраева отырған камераның есігін Нұрик есімді қызметкер ашқан. Әйелді зорлаған адамды кіргізген де осы қызметкер.
«Нарғыз мекеме әкімшілігіне осы мәселені айтып, шағымданған кезде, Б. есімді қызметкер оны зорлаған, ал мекеме басшысы мен әйел қызметкерлер осы зорлық-зомбылық фактісін жасырған. Нарғыз Амраеваның арыздары қаралмай қала берген», - деп жазды Омарова.
Бәріміз білетіндей, Нарғыз Амраева осы зорлық-зомбылық кезінде бала көтеріп, босанған болатын.
«Оның ісіне қатысты тергеуді Алматы облысының прокуроры жүргізген. Бірақ, арнайы прокурор Ғалымжан Сәрсенов істі обьективті емес түрде, тиіп-қашып, заң бұза отырып тергеген. Соңында Сәрсенов қылмыстық істі тоқтатып, Нарғыз Амраеваны зорлаған адамды жауапкершіліктен босатқан. Біз Алматы облысы Қонаев қаласының тергеу сотына арыз түсірдік. Судья А.Естай менің талап арыздарымды қанағаттандырып, Ғалымжан Сәрсенов тоқтатқан істі қайта жандандырды», - деп хабарлады Омарова.