Павлодарда 5 жасқа толмаған 3 бүлдіршін жанып жатқан пәтерде қалып қойған

Azattyq Rýhy

Олардың ата-анасы араққа тойып, ұйықтап қалған

Павлодарда 5 жасқа толмаған 3 бүлдіршін жанып жатқан пәтерде қалып қойған
Фото: polisia.kz

Павлодар полициясы жанып жатқан пәтерден балаларды алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олардың жасы – 3-те, 5-те, 1 жас 9 айлық. Балалардың ата-анасы араққа сылқия тойып, ұйықтап қалған.

Қатты түтін сағат 01.00 шамасында басталды.

«Біз балалармен жабық есік арқылы сөйлесіп, оны ашу керек екенін айта бастадық. Олар сосын есікті ашты. Балаларды көтеріп, пәтерден шығара бастадық. Бөлмеде мас күйінде ұйықтап жатқан ата-аналарын көрдік. Оянғаннан кейін оларды сыртқа шығардық. Жедел жәрдем келген соң балалар да, ересектер де тексерілді. Балалар ауруханаға жатқызылды. Біз тек өз міндетімізді орындадық. Мұндай жағдайда әр минут өлімге әкелуі мүмкін», – деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов.

Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері патрульдік қызмет инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов, Темірлан Шадыров және Мейірман Еркін және ювеналды полиция қызметкері Арайлым Мұхамеджанова Абай көшесіндегі түтін шығып жатқан пәтерден балаларды құтқарып қалды. Олар көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп, қайлығы жағдайдың алдын алды.

Отбасы бұл пәтерді жалдап тұрады екен. Кәмелетке толмаған балалардың анасы электр пешін қосып, тамақты жылытуға қойған. Алайда, оны өшірмей, ұйықтап қалған.

Полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың күтімі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Материалдар сотқа жолданды.

«Заңды өкілдердің тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралды, онда олар ата-ана құқықтарынан 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі материалдар дайындалып жатыр. Емдеу курсынан өткеннен кейін балалар мемлекеттік мекемелерге жіберіледі», - деп хабарлады полиция.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.