«Технологияның игілігін көрмеу – ақымақтық»: Алтай Айнабек қолдан қалай жаңбыр жауғызса, оны солай тоқтата аламын дейді
«Жаңбыр адам» Алматының ауасын тазартып беруге де дайын, бірақ әкімдік құлықсыз
Биыл Қазақстанның біраз облысында шілденің шіліңгір ыстығы нөсер жауынға ауысып, елді таңғалдырып жатыр. Тіпті, күні кеше Жамбыл облысы Қордай ауданында толассыз жауған жаңбырдың арты селге ұласып, 700 мал басын ағызып әкеткен. Әлеуметтік желіде бұл құбылысты «Аралға жаңбыр жауғызамын» деген Алтай Айнабектің ісімен байланыстырып жатқандар бар. Azattyq Rýhy International Center of Climate Change Technologies компаниясының басшысы, өнертапқыш, жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының авторы Алтай Айнабекке хабарласып, ойын білді.
Әлеуметтік желіде Алтай Айнабекті «жаңбыр адам» атап кеткен. Бұған себеп те жоқ емес. Өнертапқыш Аралды суға толтырамын деп жасанды жаңбыр жауғызумен айналысқалы бері елдің оңтүстігі мен орталығы жауыннан көз ашпай жүр. Айнабектің өзі де жаңбырлы ауа райына технологияның әсері барын жоққа шығармады.
«Биыл 18 маусымнан бастап біз Арал төңірегіне әсер етіп жатырмыз. 2022 жылы бүкіл Қазақстанды қуаңшылықтан алып шықтық. 2023 жылы көктемде жасаған жоқпыз, бірақ жаз айында іске қостық. Сол кездері Жамбыл облысы қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялаймыз деген еді. Біз өз технологиямызды қосып, екінші көктем жасадық. Яғни хронологияны көтерсек, барлығына ортақ бір құбылыс қайталанып жатыр. Бұл технологияның әсері», - дейді ол.
Оның айтуынша, экватордан жоғары жақтағы барлық атмосфералық қозғалыс батыстан шығысқа жүреді. Мусоннан басқасы. Батыстан шығысқа жүруі бұл заңдылық.
«Біз қазір континенттің ортасына қарамай, қуаңшылыққа қарамай, ылғалды мұхиттан тартуға болатынын дәлелдеп жатырмыз. Жауын-шашын деңгейін көтеріп жатырмыз. Қазірдің өзінде көп жерге бір айдың ішінде бір жылдық норма жауып тастап жатыр. Мұның бәрі Аралға келіп жатқан су ғой, Аралға тартылады. Қазір шілде айына қарамастан Сырдария мен Әмударияның деңгейі көтеріліп жатыр. Мұның бәрі Аралға үлкен көлемде су келіп жатыр деген сөз», - дейді Айнабек.
Болашақта үкімет Айнабектің өнертабысын қолдаса, жаңбырдың көп бөлігі Аралдың тарихи табанына жиналады. Осы бір айдың ішінде Аралдың тарихи табанына жауын-шашын деңгейі 100 пайызға көтерілген.
Біз Алтай Айнабектен «Жамбыл облысында бір ауылды су басты, Алматыда нөсер жауын толастамады. Тіпті көрші Қырғызстанда екі рет сел жүрді. Осының бәрі Аралға жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының әсерінен деп айта аламыз ба» деп сұрадық.
«Сіз осы сұрақты су ресурстары министрлігіне қойсаңыз. Мен осы бойынша министрлікке хат жолдадым. Ол кісілердің пікірін білгім келеді. Ал жалпы технологияның басқа өңірлерге әсер етуі бұл заңдылық», - деп жауап берді ол.
Айнабектің жаңалығы тек жаңбыр жауғызумен шектелмейді. Айтуынша, ол жауынды қалай шақырса, дәл солай тоқтата да алады. Бұдан бөлек Алматының лас ауасын тазартуға да шамасы жетеді.
"Елді мекендердің үстінде жауын-шашын деңгейін түсіріп тастауға мүмкіндік беретін бөлек технологиямыз бар. Яғни қажеті жоқ жерлерге. Мысалы аспанды ашуға болады, ол мүлде проблема емес. Мен қыста қар жинамау үшін осындай құрылғылар қойып берейік деп ұсыныс бергенмін. Сол кезде ЖКХ-ға ақша шашапайсыңдар деп. Ұсынысымды көп қалаға жолдадым. Алматы қаласының ауасын тазартатын та технологиямыз бар. Әкімдікке айтқанмын. Мұнымен айналысып жүргеніме жалпы үш жыл болды. Бірақ әкімдік қабылдап тұрған жоқ», - деп налыды өнертапқыш.
Желіде «жауын Алланың қалауымен ғана жауады, жасанды жаңбыр жауғызу шариғатқа қайшы» деп Алтай Айнабектің әрекетін сынағандар да жоқ емес. Бірақ оның сөзінше, 2021 жылы діни басқарма пәтуа шығарған, қолдан жаңбыр жауғызу шариғатқа қайшы емес.
«Мен Қазақстанның діни ғалымдарымен арнайы жолығып, бұл мәселені талқыладым. Бұл әлемде бәрі себеп-салдар заңдылығына тәуелді. Мысалы адам ауырғанда шипаны беретін Құдай, бірақ біз шипаны тек Құдай береді деп жата бермейміз, дәрігерге барамыз. Бұл да сондай амалдың бір түрі. Тоқетері, дін өкілдері маған «проблеманы шешу үшін технологияны пайдаланбау – ақымақтық» деді. Мұндай түсінік, көзқарас болса, медицина да, ешқандай сала дамымас еді деді», - дейді ол.
P. S. Осы сұхбаттан кейін біз су ресурстары және ирригация министрлігіне хабарластық. Баспасөз қызметі Алтай Айнабектен хаты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдағанын мәлімдеді.
Экология министрлігі қазір метеорологтар тиісті зерттеу жүргізіп жатқанын айтып, оның қорытындысын бізге жолдауға уәде етті.