Байқоңыр ғарыш айлағының аумағына кіруге тырысқан 3 шетелдік ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар заңсыз кіргені үшін 5 тәулікке қамауға алынды

Фото: istockphoto.com

Байқоңырда ғарыш айлағының аумағына заңсыз кірген үш еуропалық ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

SHOT мәліметтері бойынша, шетелдіктер өткен сейсенбіде Байқоңыр монтаждау-жанармай құю кешеніне кірген. Оларды ғарыш айлағының аумағын күзететін полиция қызметкерлері байқаған.

Ұсталғандар:

  • Нидерланды азаматы Мартин Н.В., 25 жаста;
  • Бельгия азаматы Холбен Л.Д., 26 жаста;
  • Нидерланды азаматы Оомс С.Н., 29 жаста.

Ғарыш айлағына ұсталғандардың еш қатысы жоқ, Байқоңырда болуға құқық беретін құжаттары болған жоқ.

Полиция еуропалықтардың ғарыш айлағына қалай, қайдан және қандай мақсатпен кіргенін анықтап жатыр. Олардың тыңшылыққа қатысы бары тексеріледі.

Әзірге олар қорғалатын объектіге өз еркімен кіргені үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Бір ай бұрын француз турисі Байқоңыр алаңына 30 градус ыстықта жаяу баруға тырысып, қайтыс болды.