«Депутаттан ішімдіктің иісі шығып тұрды»: жетім балалар уланды деген лагерь басшылығы мәлімдеме жасады

Аягөз Құрмаш

Біз мәслихат депутаты Гүлжайна Даримоваға да хабарласып, осы мәлімдемеге қатысты пікірін алдық

«Депутаттан ішімдіктің иісі шығып тұрды»: жетім балалар уланды деген лагерь басшылығы мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бурабайдағы балалар лагерінде Павлодар облысының жетім балалары ауруханаға түскені жайлы ақпарат тараған еді. Бұл мәселеге қатысты EDELWEISS BOROVOЕ балалар лагерінің директоры Әсел Найзабекова мәлімдеме жасады. Бұл ретте біз Гүлжайна Даримоваға да  хабарласып, шын-өтірігін сұрадық, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Біздің лагерь бес жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Біз 15 мыңнан астам баланы сауықтырдық, осы аралықта ешбір теріс пікір болған емес. Біз әрқашан ар-ұждан үшін жұмыс істейміз. Қазіргі жағдайға байланысты мен мынаны түсіндіргім келеді: біздің аумақта үш балалар үйінің балалары демалып жатыр. Павлодар облысынан үш бала бізге тұмау (жедел респираторлық-вирустық инфекция) белгілерімен келіп түсті. Дәрігердің қарауынан кейін балаларды сүйемелдейтін адаммен бірге қайтаруды ұсындық. Себебі олар басқа балалардың денсаулығына қауіп төндіреді деп қорықтық. Бірақ басшылық балаларды оқшаулау бөлмесінде қалдыруды сұрады. Барлық бала  бақылауда болды. Емделді. Шынында да, біздің лагерь тағы қосымша балаларды қабылдады. Бірақ біз балалардың құқықтарын шектемейміз және бұл балаларға зиянын тигізгенін көрмедік. Сондай-ақ бізде балаларды алалау жоқ, біз үшін барлық бала бірдей. Барлығының қалауы ескеріліп, оларға ұқыптылықпен қаралады», - деді Найзабекова.

Лагерь директорының айтуынша, депутат ол жерге тек пиар үшін келген.

«Депутатқа қатысты мынаны айтқым келеді: ол барлық нормаларды бұзып отыр. Ол аумаққа келгенде өзінен ішімдіктің иісі шығып тұрды, бізді және біздің қызметкерлерімізді рұқсатсыз камераға түсіре бастады. Жағдайды түсіндіруге жол бермеді. Адам тек PR үшін келді. Ол өзінің әлеуметтік желісіне мүлдем бейтаныс ер адамдар жіберген скриншоттарды да салды. Ол өзіне балалардың қарап тұрғанын елемей, өзін дөрекі ұстады», - дейді лагерь директоры Әсел Найзабекова.

Бурабайда жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері уланып, ауруханаға түскені жайлы ақпаратты алғаш болып Павлодар облысы мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова жариялаған еді.

«Мұнда Павлодардағы балалар үйінің тәрбиеленушілері демалады. Ақпаратқа сүйенсем, кемі алты баланың қызуы көтерілді. Лагерьде медбике болмаған, жедел жәрдем аумаққа шақырылмайды. Сондықтан түнде жедел жәрдем шақырдым. Олар қызуы бар тоғыз баланы бірден алып кетті»,- деп жазды депутат.

Оның айтуынша, балалар оған кем дегенде 6 баланың температурасы бар екенін жазған.

«Олардың аумағында дәрігер жоқ, жедел жәрдем шақырылмайды. Мен түнде жедел жәрдем шақырдым. Температурасы бар 9 бала ауруханаға жатқызылды», - деп жазған еді ол.

Балалар лагері басшылығының мәлімдемесінен кейін Azattyq Rýhy тілшісі депутаттың өзіне хабарласып, мән-жайды сұрады.

«Мен ешкімге ескертуге міндетті емеспін. Мен депутат ретінде қайда, қашан кіретінімді өзім білемін. Мен халық қалаулысы ретінде мемлекеттік қызметкерге теңестірілемін. Мені лагерь басшылығының не айтып жатқаны қызықтырмайды. 250 адамдық лагерьде медпункт те, дәрігер де жоқ. Олардың үстінен іс қозғауға да болады. 250 бала жататын жерде дәрігер жоқ. Өзен де, орман да жанында. Бірдеңе болса, кім жауап береді?», - дейді Гүлжайна Даримова.

Депутат барлық балаға өз баласындай қарайтынын айтып отыр.

«Мәселе балаларға қатысты болғанда, ешкімнің рұқсатын сұрамаймын. Менің үстімнен арыз, шағым жаза берсін. Олар менің балаларым сияқты. Мен оларға көмек көрсетіп, тәлімгер ретінде қолғабыс етемін. Сондықтан лагерьге рұқсатсыз кіруіме қатысты сөз айту әбестік болса, балалар өлгенше күтуім керек пе еді?» , - дейді ол.

Депутат лагерь басшылығының «оның аузынан ішімдіктің иісі шығып тұрды» деген мәлімдемесіне қатысты да пікірін айтты. 

«Олар жала жауып отыр. Менің қасымда облыс әкімінің орынбасары тұрды. Мен Павлодардан түнде жолда шығып, таң ата лагерьге жеттім. Қажет болса, осындай жала жапқаны үшін лагерь басшылығын сотқа бере аламын», - деп жазды ол бізге берген жауабында. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.