Астанадағы дрондар шоуы: 1250 дронды аспанда «ойнату» үшін шамамен 190 млн теңге кетеді
Әкімдік ұйымдастыратын шоуға демеуші қаржы берген
Бүгін ЭКСПО аумағында сағат 18:00-де «Open Air» мерекелік концерті өтеді. Концерт аяқталғаннан кейін дрондар шоуын өткізу жоспарланып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Дрондар шоуының болжамды уақыты – сағат 22:15-те (22:30). Дрондар шоуы үшін аспанға радиомен басқарылатын 1250 аппарат ұшырылады, оның 70-і – пиротехникалық дрон. Бұл – дрон симбиозы мен пиротехниканың жаңа технологиясы. Шоу қазақстандық және шетелдік композиторлардың әуенімен үндестірілетін болады», - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігі.
Біз әкімдіктен дрондар шоуына кететін қаражат көлемін сұрадық. Анықталғандай, шоуға құпия демеуші қаражат берген. Ол өзінің есімін жарияуға қарсы болған.
Дегенмен, біз бұндай шоудың нарықтағы бағасы неше теңге екенін білейік деген ниетпен дрондар шоуын ұйымдастыратын «Геоскан-Қазақстан» компаниясынан 30 минут болатын шараның құны қанша тұратынын сұрап көрген едік.
«Дрондар шоуына дайындық кемінде 1 жарым айға созылады. Біздің компанияда жаз бойы кесте тығыз. Тапсырыс берушілер көп. Қазір дрондар шоуына қыркүйек айына дейін тапсырыс алып қойдық. Кемі 100 дроннан тұратын шоу құны 33 мың доллар болады»,- дейді.
Бұл - 15,6 млн теңге. Сонда 1250 дрон қатысатын шараның құны шамамен 190 млн теңгеден асады екен.
Біздің нарықта жоғары технологияны қолдану арқылы ұйымдастырылатын шараны өткізетіндер саны саусақпен санарлық. Бірақ көрші елде бұл өте табысты бизнеске ұқсайды әрі таңдау да баршылық. Мысалы, Ресейде 100 дронның қатысуымен өтетін шоудың орташа бағасы 1.950 000 рубль екен. Өзге шетелдік компанияларда 200 дронның қатысуымен өтетін шарада компанияның логотипі көрсетілетін болса, 99 000 доллар, 300 дрон арқылы динамикалық анимация мен қозғалмалы фигуралар және мәтін жазылатын болса, 149 000 доллар, ал 500 дронның қатысуымен күрделі 3D анимация жасаған кездегі баға 299 000 долларға барады екен.
Геоскан-Казахстан компаниясы дрон шоуының артықшылығы оның қауіпсіз болуымен түсіндіреді. Яғни, от шашудағыдай өрт жағдайы орын алады деп алаңдамайды. Бұған қоса, экологиялық таза, ауаны ластамайды. Отшашу кезінде ауада зиянды қалдық қалады. Сондықтан болар, бұл шоудың бағасы қымбатқа түсіп отыр.
Айтпақшы, былтыр 6 мамыр күні бас қаладағы «Қазақ Елі» алаңында дрондар шоуы өткен болатын. Дрондардың ұшу хореографиясы елорданың 25 жылдығына арналған еді. Түнгі аспанда Астананың көрнекті нысандары жарық шамдарымен көрсетілді. Бағдарлама шамамен 12 минутқа созылды. Шоуға 500 дрон қатысты. Былтыр да аталған шоу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған болатын.
Айтпақшы, ертең қала күніне экологиялық тұрғыда таза әрі қауіпсіз болмаса да отшашу ұйымдастырылмақ. Бұл шара да жомарт әрі қайырымды демеушілер есебінен екен.
Жанат Ерболған