Алматыда 6 мың ағаштың бұтақтары санитарлық мақсатта кесіліп жатыр

Azattyq Rýhy

Алматыда ауру және қураған ағаштардың бұтағы санитарлық мақсатта кесіледі

Алматыда 6 мың ағаштың бұтақтары санитарлық мақсатта кесіліп жатыр
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

«Алматы Жазы» акциясы аясында Алматыда 5200-ден астам ағаш санитарлық мақсатты кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Апатты ағаштарды санитарлық мақсатта кесу қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі, бұл Алматы қаласы әкімдігінің ерекше бақылауында болатын мәселе.

Бүгінде қаланың барлық ауданында осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.  Алатау ауданында 500, Әуезов ауданында 700, Алмалы ауданында 900, Бостандық ауданында 900, Медеу ауданында 100, Жетісу ауданында 300, Наурызбай ауданында 400 және Түрксіб ауданында 1400 ағаш санитарлық мақсатта кесілді. Жалпы, «Алматы Жазы» науқаны аясында 5 200 ағаш санитарлық мақсатта кесілді.

Айта кетейік, егер ағаштардың бұтағы дер кезінде санитарлық тұрғыда кесілмесе, ол адамның денсаулығы мен мүлкіне зиян тигізуі мүмкін. Осыған байланысты ауру және қураған ағаштардың басын санитарлық және пішіндеп кесу жұмыстарын күшейту дауыл, қатты жел мен нөсер кезінде бұтақтардың құлау мүмкіндігін азайтады.

Алматы қаласының жасыл желегін күтіп-ұстау және қорғау ережесіне сәйкес, ағаштың пішініне, олардың жасына қарай өзгеретіне, кесуге төзімділік сынды өсімдіктердің түрлік және биологиялық ерекшелігін ескере отырып, барлық норма сақталады. Санитарлық кесуден кейін ағаштың кесілген жері арнайы жасалған құралдармен өңделеді.

Науқан өткізу барысында қауіпті еңісте өскен ауру және қураған ағаштарды кесу көзделген. Оның орнына 10 есе көп мөлшерде көшет отырғызылады.

Естеріңізге сала кетейік, «Алматы Жазы» науқаны биыл 6 шілдеде аяқталады. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын және елді мекендердің аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға, сондай-ақ халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.