Нұр-Сұлтанда әйелін атып өлтірген ер азаматтың 6 рет үйленгені анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұм оның бесінші әйелі болған

Көрнекі фото

Елордада 59 жастағы ер азаматтың әйелін атып өлтіріп, 5 жасар ұлын жарақаттағанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Күдікті бұрын полицияда жұмыс істеген екен. Ол сондай-ақ, алты рет үйленген деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Марқұм оның бесінші әйелі болыпты. Екеуі заңды түрде ажырасқан. Алайда, мүлікті бөлісу процесі аяқталмағандықтан бір пәтерде уақытша тұруға мәжбүр болған көрінеді. Жарақат алған 5 жасар бала алтыншы әйелден туған.

Көршілерінің айтуынша, ер адам алкогольді ішімдік жиі ішкен. Қанды оқиға болған күні ең бірінші болып сол көршілерінің бірі Галина Николаевна кіріпті. Ол қансырап жатқан баланы дереу сыртқа алып шығып, дәрігерлерге тапсырғанын айтады. Оның болжамынша, ер азаматты әйелдері жан-жақтан табалағандықтан, жүйкесі сыр берген.

«Мен үйге кіріп, қолындағы қаруын тартып алдым. Ол болса: «Галина Николаевна, олар мені осы күйге жеткізді» деп шағымын айтты. Болды, сол ғана», - деді күдіктінің көршісі.

Еске салайық, қанды оқиға 20 қазан күні Нұр-Сұлтанда болған еді. Ер адам мылтықпен 54 жастағы бұрынғы әйелін атып өлтірген. Жан-жаққа шашыраған оқ 5 жасар балаға да тиген. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр.