Балконда кәуап пісірген павлодарлық жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғын бұл әрекетін телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған

Павлодарда жергілікті тұрғын көпқабатты үйдің балконында кәуап пісіргені үшін тиісті жазасын алды. Тұрғын бұл әрекетін телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Учаскелік полиция инспекторлары ол адамды тез анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Ол – Павлодар қаласындағы Назарбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны екен. Ол өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады.

«Балконда от жағып, кәуәп пісірген азамат өрт қауіпсіздігі ережесін бұзып, басқа тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабы (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін) бойынша әкімшілік жауапқа тартты», - делінген ақпарда.