Шымкентте есірткі зертханасы жойылды
10 келіге жуық мефедрон синтетикалық есірткі және 2 тонна көлемдегі прекурсорлар тәркіленді
Шымкенттегі «Бозарық» шағын ауданында орналасқан жеке үйде синтетикалық есірткі дайындау зертханасы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған мекенжайды тінту кезінде зертханалық құрал-жабдықтар, прекурсорлар және өткізу мақсатында заңсыз дайындалған аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі заттары анықталды.
«Шамамен 10 келіге жуық мефедрон синтетикалық есірткі және 2 тонна көлемдегі прекурсорлар тәркіленді. Аса iрi мөлшерде есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу фактісі бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады прокуратура.
Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтарды бей-жай қалмауға және мұндай фактілер анықталған жағдайда, дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырады.