4,5 млн медициналық масканы Ресейге алып өтпек болғандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Заңсыз жүк тасымалдаушылардың жолы кесілді

Батыс Қазақстан облысында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті мен ҰҚК ШҚ бірлесе жоспарлаған «Курьер» жедел іс-шарасының аясындағы «халықтық тұтыну тауарлары» жүктеріне жүргізілген тексеріс барысында 4 475 600 бірреттік медициналық масканы Ресейге еш құжатсыз алып бара жатқан 7 автокөлік ұсталды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Казіргі уақытта аталған фактілер бойынша 4 қылмыстық іс тергелуде.

Сонымен қатар, 21 сәуірде Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «Қайрақ-авто» шекаралық бақылау бөлімшесінде шекаралық нарядпен бірлесіп, Алматыдан Екатеринбург қаласына кетіп бара жатқан жүк көлігін тексеру барысында 11 500 дана медициналық маска тапты. Жасырын жүк «халық тұтынатын тауарлар» деп белгіленіпті.

«Аталған факт бойынша Қостанай облысының 1966 жылғы азаматын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс материалдары сотқа жолданды. Барлық тәркіленіп алынған медициналық өнімдер Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды», - делінген хабарламада.