Қазақстанға ауыр есірткі жеткізген: трансұлттық қылмыстық топ мүшелері сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

ҰҚК үш ер адамды былтыр қолға түсірген 

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Биыл 12 маусымда Қазақстан азаматы мен екі шетелдікке қатысты Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, олар Қылмыстық кодекстің 264-бабы 1-бөлігі («Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру»), 286-бабының 4-бөлігі («Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы контрабанда») және 297-бабының 4-бөлігі («Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есірткі өткізу») бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Тергеу мен сот барысында аталған адамдардың Қазақстан аумағында ірі есірткі контрабандасы мен тасымалдауды ұйымдастыруға тырысқан трансұлттық қылмыстық топтың мүшелері екендігі дәлелденді. Топ мүшелерін 2023 жылғы тамызда ҰҚК жедел қызметкерлері прокуратура органдарының үйлестіруімен құзыретті органдармен өзара әрекеттесе отырып ұстаған болатын, – делінген хабарламада.

Тінту барысында олардан 1 келіден астам героин, 2 келі апиын, сондай-ақ 4 атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді.