Қостанайда әйелін өлтіріп, қылмысын жасырмақ болған экс-полицей 9 жылға ғана сотталды

Темірхан Айжан

Сот өлген әйелдің «мінез-құлығының азғындығын» есепке алып, үкімді жұмсартқан

Қостанайда әйелін өлтіріп, қылмысын жасырмақ болған экс-полицей 9 жылға ғана сотталды
Фото: Istockphoto

Қостанай полиция басқармасының аға лейтенанты Жасұлан Төлегенов әйелін өлтіргені үшін 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұрынғы полиция қызметкері әйелімен жанжалдасып, оны электр тоғымен қылқындырып өлтірген. Одан кейін қылмысын жасыру үшін мәйітті гаражға апарып, әйелді асылып өлген етіп көрсетпек болған.

Ер адамның қылмысы аса ауыр қылмыс санатына жатады. Оған ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылған. Жәбірленуші тарап сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұраған. Бірақ сот ер адамның қылмысы үшін өкінгенін және өлген әйелдің «мінез-құлығының азғындығын» есепке алып, айыпталушыны 9 жылға ғана соттады.

Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің айтуынша, Қылмыстық кодекстегі «азғындық» деген тұжырымдаманың нені меңзейтіні өте түсініксіз әрі анық емес.

«Бұны қолданудың керегі жоқ еді, әсіресе марқұмға қатысты. Көз жұмған әйел де полиция қызметкері болған, ол заңға қайшы азғындық жасайтындай не істеп қойды? Көзіне шөп салды ма? Арақ ішті ме? Адам өлтірушіге мақтадай жұмсақ үкім шығаратындай, Қостанай соты соншама қандай азғындықты есепке алды?», - деп жазды ол.

Сотталған бұрынғы полиция қызметкері «аға лейтенант» деген шенінен айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.