Абай облысында 15 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты жымқырылды
Ақшаны аймақтағы оқу орындарының қызметкерлері қалтасына басқан
Абай облысының Ақсуат ауданында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан прокуратурасы оқу орындарының қызметкерлеріне 14,7 млн теңге заңсыз төленгенін анықтады.
Бұл сома мемлекетке толық қайтарылды.
«Бұдан басқа, мектеп есепшілерінің бірі 1,3 млн теңге қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Есепші мектеп директорының электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, ақшаны жеке шотына аударған», - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тегеп тексеруді бастады.
Сот үкімімен бұрынғы есепші ҚР ҚК 189-бабының 2-бөлігінің 3) - тармағымен (өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру) кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасымен қаржы ұйымдарда белгілі бір лауазымды атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды.