Оқиға Үржар ауданында тіркелді
ШҚО Көктал ауылдық округінде үй жануарларының өлуіне байланысты арнайы ветеринарлық комиссия жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Малдың өлім-жітімін анықтау үшін 20 сәуірде Үржар ауданына құрамында ШҚО аумақтық ветеринариялық инспекциясы мен ШҚО әкімдігінің ветеринария басқармасының басшылары бар арнайы комиссия келді. Осы уақытқа дейін (17 және 20 сәуір) сынамалар алынып, Үржар аудандық ветеринариялық зертханасына және «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Семей өңірлік филиалына жіберілді. Алдын ала преципитациялық реакция (РП), микроскопия және бактериологиялық теріс нәтижелері алынды. Зерттеулер жалғасуда, үш күннен кейін био-сынаманың қорытындысы аяқталады, бұл диагноз қоюға мүмкіндік береді. Қазір комиссия аймақтағы эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, әзірге белгісіз себептермен мал қырылған Көктал ауылдық округі Үржар ауданының таулы аймағында орналасқан. Ауылдық округте 3 мыңға жуық ірі қара, 3,6 мың ұсақ мал және 629 жылқы бар. Ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2019 жылдың күзінде және 2020 жылдың басында округте малдардың басым бөлігі қауіпті ауруларға қарсы егілген. Атап айтқанда, аусылға қарсы 3 235 бас ірі қара және 2 мың ұсақ мал, сібір жарасына қарсы 2 мыңнан астам ірі қара және 650 бас ұсақ мал, эмкарға қарсы 1,3 мың бас ірі қара малға екпе салынды.
Естеріңізге салсақ, осы аптада БАҚ беттерінде Шығыс Қазақстан облысындағы белгісіз аурудан ірі қара малы қырылып жатыр деген хабар тараған болатын.