Астанада ойын-сауық орталығында сырт киім ұрланды
Күртенің құны 150 мың теңге тұрады
Астана қаласының полицейлері елорда тұрғынының сырт киімін ұрлап кеткен күдіктіні жылдам қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, сол жақ жағалаудағы сауда ойын-сауық орталығында белгісіз біреу оның күртесін ұрлап кеткені туралы арызданған. Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын «ізін суытпай» анықтады.
«Белгілі болғаны қыз күндізгі уақытта сауда ойын-сауық орталығына келген. Ілініп тұрған әйелдер күртесіне көзі түскен қаскүнем қолайлы сәтті пайдаланып, алдымен оның әрекетін байқайтын куәгерлердің бар-жоғын тексеріп, содан кейін құны 150 мың теңге тұратын күртені жасырын алып, кетіп қалған», - деп хабарлайды ПД.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыздың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.