Астанада жүргізуші куәлігін алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды
Күдікті кінәсін толық мойындады
Астанада жүргізуші куәлігін алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға 53 жастағы Астана тұрғыны хабарласып, танысы бір айдың ішінде жүргізуші куәлігін жасап беремін деп ақшасын алғанын және хабарсыз кеткенін айтып шағымданған. Полиция қызметкерлері анықтағандай, белгісіз ер адам емтихансыз көлікті басқаруға құжатты тез арада алуға көмектесемін деп алдаған. Ол бұл қызметі үшін 180 мың теңге сұраған. Жәбірленуші аталған соманы алаяққа бірден берген. Осыдан кейін танысы онымен байланысын тоқтатқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері кінәсін мойындаған Астананың 31 жастағы тұрғынын анықтады.
«ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлімі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Астана қаласы полиция департаменті жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі мамандандырылған орталықта тиісті емтихандарды тапсыру қажет екенін азаматтардың есіне салады. Лицензияларды тек уәкілетті орган береді, яғни жүргізуші куәлігін кез келген басқа жерден алу – заңсыз», – делінген полиция хабарламасында.