Шымкентте коронавирус жұқтырған 28 адамның барлығы науқастармен қарым-қатынаста болған
22 сəуір сағат 22:50-де қалада 28 науқас тіркелгені хабарланды
Шымкент қаласында вирус жұқтырған 28 азаматтың барлығы өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған, деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
Науқастар карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған.
ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы барлығына қойылды.
«Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емді қабылдап жатыр. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде», - деп жазылған хабарламада.
22.04.2020 жылғы жағдай бойынша қалада COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 131 адам анықталған.