Балалар ойнайтын кабинет шатырынан жауын суы тоқтамай ағып тұр
Желіде шатырынан тоқтамай ағып жатқан суды шелектерге жинап, жұмыс істеп жатқан балабақшаның видеосы пайда болды. Белгілі болғаны, ғимарат - Астана қаласында, Дүкенұлы көшесінде орналасқан №27 «Балауса» бөбекжай-бақшасы.
Бейнежазбада балалар ойнайтын кабинеттің ортасына бірнеше шелек қойылған. Шатырдан тамшылап тұрған судан балабақша қызметкерлері осылай сақтанып отыр.
Астана қаласы білім басқармасы ғимарат шатырын жөндеу жұмыстары жазда жүргізілетінін хабарлады.
«Бүгінгі таңда №27 «Балауса» бөбекжайында қажетті жобалау-сметалық құжаттама бар. 28 мамырда жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланады. Шатырды жөндеу жұмыстары 10 маусымға жоспарланған», - делінген әкімдіктің жауабында.