Папуа-Жаңа Гвинеяда 2000 адам тірідей топырақ астында қалған болуы мүмкін

Темірхан Айжан

Серхан Актопрактың айтуынша, 1250 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған

Папуа-Жаңа Гвинеяда 2000 адам тірідей топырақ астында қалған болуы мүмкін
Фото: Reuters

Лай көшкінінен зардап шеккен Папуа-Жаңа Гвинея халқын құрқару жұмыстарына жер шалғайлығы мен географиялық ерекшелігі қиындық тудырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Reuters-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы топырақ үйінділерінің астында 670-тей адам қалды деген болатын. Бірақ Ұлттық апаттар орталығының дерегінше, оның саны 2000-ға жуықтайды.

 Папуа-Жаңа Гвинеяда адамдар оқшауланған таулы аймақтарда өмір сүреді, әрі тайпалар арасында қақтығыстар жиі болып тұрады. Сондықтан көмек жеткізу қиындық тудырған. Ал соңғы нақты халық санағы 2000 жылы жүргізілген.

Лай көшкіні өткен жұмада түнгі сағат 3.00 шамасында елдің солтүстігіндегі Ямбали ауылынан басталған. Қалың ұйқыда жатқан ел көшкіннен қашып құтыла алмаған. 150-ге жуық үй-жай топырақ астында қалды.

БҰҰ-ның Папуа-Жаңа Гвинеядағы көші-қон агенттігінің миссиясының жетекшісі Серхан Актопрактың айтуынша, 1250 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, 250 үй босап қалған.

Анықтама бере кетсек, Папуа - Жаңа Гвинея мемлекеті Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан арал. Халық саны — 5 млн адам. Мемлекет басшысы - жергілікті генерал-губернаторды Ұлыбритания монархы тағайындайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.