Батыс Қазақстанда лудоман-бухгалтер бюджет қаражатын жымқырған
Прокуратура мәліметі бойынша, ол 7 млн теңгеге жуық ақшаны құмар ойынға жұмсаған

Қаратөбе аудандық соты мемлекеттік мекеменің қаражатын жымқырған есепшіге үкім шығарды. Соттың үкіміне сәйкес, ол 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық прокуратурасы анықтағандай, есепші мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданып, 7 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырған.
Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде жымқыру және талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Келген шығынның 1 млн астамын ғана қайтарған сотталушы сот процесінде жымқырған қаражатты құмар ойындарға жаратқанын айтты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.