«Күдікті қамауға алынды»: Ақтөбе облысында ер адам 3 жасар қызды зорлаған

Аягөз Құрмаш

Күдіктіге қатысты заңды шешім қабылданады

«Күдікті қамауға алынды»: Ақтөбе облысында ер адам 3 жасар қызды зорлаған
Фото:Nemolchi.kz

«Немолчи.кз» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дина Таңсәрі Ақтөбе облысында 3 жасар қыз зорланғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Түнде бір әйел хат жазып,  үш жасар (!) қызының зорланғанын хабарлады. Анасының айтуынша, қыз әкесінің туыстарының үйінен келген соң, ағам денемді ауыртты деп жылаған. Анасы баланы ауруханаға апарған. Дәрігер бала тексеріп, артқы жынысында 2 см жері жараланғанын растаған»,- дейді Дина Таңсәрі. 

Оның айтуынша, қыздың анасы дереу полицияға арыз берген, алайда күдікті жазаланбай қалады деп қатты қорқады. 

«Анасының айтуынша, күдікті бұрын полиция қызметкері болып жұмыс істеген, тіпті әкімдікте басшылық қызмет атқарған. Ауылда оны бәрі біледі, оның тамыр-танысы көп. Анасы тергеу әрекеттерінен қорқады, себебі ол өзінің және қызының өмірі үшін қорқады. Қыз бала психологиялық соққы алған, мұны психолог растаған»,- дейді Таңсәрі.

Azattyq Ruhy тілшісі бұл мәселені растау үшін Ақтөбе облысының полиция департаментіне хабарласты. 

«Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Барлық қажетті сараптама тағайындалды, олардың қорытындылары бойынша заңды шешім қабылданады»,- деп жауап берді полицияның баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.