Хасар Хабылбеков бүгін қалада шұғыл жиналыс өткізбек
Павлодар қаласының әкімі күні кеше №14 орта мектепте болған оқыс оқиғадан кейін зардап шеккен баланың үйіне барған. Бұл туралы әкім желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
Хабылбеков бүгін, 14 мамыр күні қала мектептеріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша үлкен жиналыс өтетінін хабарлаған.
«Оқиғаға қатысты қала әкімі ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де үнсіз қала алмадым. Оқиға болған жерде болдым, мектеп басшылығымен, мұғалімдермен сөйлестім. Зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін білдім», - деп жазды әкім парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Павлодарда оқушы өзінің 16 жастағы құрдасы мен 59 жастағы ұстазына пышақ сұғып алған болатын.