Антикор азық-түлік бағасына араласқан жемқорлардың жолын кеспек
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлады
Бүгін Антикорда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жекелеген мәселелері, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде мәжіліс өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпауға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Соның ішінде, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келетін өнімдерді Қазақстанға делдалсыз жеткізу мәселесі пысықталған.
«Асхат Жұмағали бұл процеске мониторинг жүргізуді тапсырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары жемқорлықтың кез келген түрін, соның ішінде заңсыз пайда алуға бағытталған түрлі құқыққа қарсы схемалардың жолын кеседі», - деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.