Арқалықта көкке көтерілген Ан-2 ұшағы апатты жағдайда су үстіне қонды

Azattyq Rýhy

Аталған оқиғаның себептері мен мән-жайы алда анықталатын болады

Арқалықта көкке көтерілген Ан-2 ұшағы апатты жағдайда су үстіне қонды
Фото: istockphoto.com

«Навигатор»  әуе компаниясына тиесілі Арқалық-Ақсұңқар санитарлық рейсін орындаушы Ан-2 ұшағы биікке көтерілгеннен кейін бірден құлдилай төмендеп, су айдынына қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Навигатор»  әуе компаниясына тиесілі, UP-A0124 мемлекеттік тіркеу нөмірі бар, Арқалық-Ақсұңқар бағытында №АК31224 санитарлық рейсін орындаушы Ан-2 типіндегі ұшағы ұшып шыққаннан кейін сағат 16:10-да бірден төменге құлдилай жөнелді, сөйтіп су айдынына (еріген қар суы) қонды», - делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Ұшақ бортында екі экипаж мүшесі және үш қызметтік жолаушы болғандығы нақтыланады.

«Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті күшімен Арқалық қалалық ауруханасына эвакуацияланды. Алдын ала ақпарат бойынша құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына аттанды», - делінген хабарламада.

Авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрылды.

Аталған оқиғаның себептері мен мән-жайы алда анықталатын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.